Егер Сіз қылмыстың куәгері немесе құрбаны болсаңыз – полицияға хабарласыңыз – 02, 102 немесе 112, www.мвд.рф
Полицияның міндетіне шетелдік азаматтардың уақытша немесе тұрақты тұру, Ресей Федерациясында уақытша болу, Ресей Федерациясына кіру және шығу, Ресей Федерациясының аумағы арқылы өту тәртібін сақтауын және шетелдік жұмысшылардың еңбек қызметін бақылау кіреді. Полицейлер азаматтарға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға себеп болса, сондай-ақ оларды ұстауға негіз болса, азаматтардың жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеруге құқылы; азаматтардың белгілі бір іс-әрекеттер жасауға немесе қадағалауы полицияға жүктелген белгілі бір қызмет түрін жүзеге асыруға рұқсаттарын және өзге де құжаттарын тексеруге құқылы.
Шетел азаматының әрқашан өзімен бірге төлқұжаты, көші-қон картасы, тіркеу парағы, төлем туралы чектерімен бірге жұмыс істеуге арналған патенті, қолданыстағы медициналық полисі болуы қажет. Бұл құжаттарды қызметтік міндеттерін атқарып жүрген полиция қызметкерлері ғана тексеруге құқылы. Олар полиция формасында болуы тиіс және өзімен бірге арнайы төсбелгісі (жетон) болуы ктиіс – оның нөмірін есте сақтаңыз немесе жазып алыңыз. Сізге келген кезде полицей өзінің атағын, лауазымын, аты-жөнін хабарлауға, өзінің куәлігін көрсетуге және құжаттарды тексерудің себебі мен мақсатын түсіндіруге тиіс («Полиция туралы» Заңның 5-бабының 4-тармағы). Себебін түсіндірместен құжаттарды тексеруге болмайды – полиция қызметкерінде Сізді құқық бұзушылық жасады деп күдіктенуге негіз болуы керек. Құжаттарды қызметкерге бермей өз қолыңыздан көрсетуге болады және бұл туралы алдын ала ескертіңіз. Полиция қызметкері құжаттардың түпнұсқалығына күдіктенуі мүмкін. Бұл жағдайда арнайы базадағы түпнұсқалықты анықтау үшін онымен жақын маңдағы полиция пунктіне бару керек. Туыстарыңызға немесе достарыңызға қоңырау шалып, қайда және кіммен сөйлесетініңізді айтыңыз, бұл өте маңызды.
Пара беру қылмысқа жатады! Полицияға ақша бермеңіз!
Құжаттарды арнайы рейдтер кезінде РФ Ішкі істер министрлігі Көші-қон мәселелері жөніндегі Бас басқармасының қызметкерлері де тексере алады. Көрсетілген жұмыс орны мен лауазым нақты жұмыс орнымен сәйкес келетіні тексеріледі. Тексеру нәтижелері бойынша қызметкерлер акт жасайды және егер бұзушылықтар анықталса, хаттама жасалады. Актінің немесе хаттаманың бір данасы міндетті түрде ұсталған адамға беріледі.
Ұсталған жағдайда
Ұсталған азаматтың телефон арқылы сөйлесуге құқығы бар («Полиция туралы» Заңның 14-бабының 7-тармағы). Сот шешіміне дейін азамат 48 сағаттан аспайтын мерзімге ұсталуы мүмкін. Ұстау туралы хаттама жасалады. Егер Сіз оны оқымаған болсаңыз, оның мазмұнын түсінбесеңіз немесе онда жазылғандармен келіспесеңіз, хаттамаға қол қоймаңыз. Хаттамада өз көзқарасыңызды білдіруді ұмытпаңыз – бұл үшін арнайы жол бөлінген. Хаттамамен ана тіліңізде танысу үшін Сіз аудармашыны талап етуге құқығыңыз бар (егер Сізге аудармашы ұсынылмаса, бұл туралы хаттамаға жазыңыз (ана тіліңізде жаза аласыз). Сотта хаттамада көрсетілген ескертулеріңіз міндетті түрде маңызды дәлел ретінде ескерілетін болады. Ұстау туралы хаттама жасалғаннан кейін ғана Сізге әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалуы мүмкін. Егер Сіз хаттаманың мазмұнымен келіспесеңіз – «Хаттамамен келіспеймін» деп жазыңыз және оның себебін көрсетіңіз. Хаттаманың көшірмесін беруді сұраңыз («Полиция туралы» Заңның 15-бабының 14-тармағы). Көші-қон саласындағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы Көші-қон мәселелері жөніндегі басқарманың қызметкерлері ғана жасай алады. Хаттама жасау Сізге айыппұл төлеу керек екенін білдірмейді – Сіздің ісіңіз сотта немесе Ішкі істер министрлігінің Ішкі істер бөлімінің аудандық бөлімшесінде қаралуы тиіс. Қарау нәтижелері бойынша Сізге қаулы берілуі тиіс, оны Сіз орындауыңыз керек немесе 10 күн ішінде сотқа шағымдануыңыз керек.
! Полиция қызметкерлерінің айыппұлды немесе өзге төлемді төлеу кепіліне Сіздің құжаттарыңызды алуға құқығы жоқ – бұл заңсыз (РФ КоАП 19.17-б.). Айыппұлды қаулысыз төлеуді талап ету – заңсыз! Егер Сізді заңсыз ұстаса немесе полицияда заңсыз ұстайтын болса, өз аймағыңыздағы Қоғамдық бақылау комиссиясына (ОНК) хабарласыңыз. ОНК мүшелері де шетел азаматтарын ұстау жағдайларын тексеруге құқылы, олар Сізге тегін заңгерлік көмек те көрсете алады.
Егер полиция қызметкерлері Сіздің құқығыңызды бұзса, өтініш қабылдаудан бас тартса, өз міндеттерін орындамаса, пара талап етсе немесе зорлық-зомбылық жасаса, Сіз мемлекеттік немесе қоғамдық ұйымдардан көмек сұрай аласыз.